«Түбірімен өзгерген құжат»: Тоқаев жаңа Конституцияға қатысты ұстанымын жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың жаңа Конституция қабылдау туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
Тоқаевтың пайымы
Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Волонтерлер форумында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері өзгерістер ауқымын ескеріп, жаңа Конституция қабылдау туралы байлам жасағанын атап өтті.
«Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты», – деп мәлімдеді президент.
Президенттің пікірінше, Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, мұндай қадамды тек референдум арқылы жасау қажет.
«Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды», – деді Тоқаев.
Еспаеваның ұсынысы
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 29 қаңтардағы отырысында Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева Ата заңға өзгеріс енгізгеннен гөрі жаңа мәтін қабылдауды ұсынған.
Оның сөзінше, конституциялық комиссияға түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды.
«Жекелеген түзетулер өзгерістерді орнықты іске асыру үшін қажетті тұтастық пен айқындықты қамтамасыз етпейді», – деп есептейді депутат.
Оның айтуынша, ел азаматтарының, сарапшылардың және әріптестердің комиссияға жолдаған өтініші назарға аударуға тұрарлық. Сол себепті құжатқа түзету енгізгеннен гөрі, жаңа мәтін қабылдаған жөн болады дейді Еспаева.
«Құқық актілері туралы заңның 26-бабында нормативті құжаттың ауқымын ескеруді талап етеді. Заңда құжаттың жартысынан көбі өзгерер болса, оның жаңа мәтіні қабылданатыны жазылған», – дейді вице-спикер.
16:07
30
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.